Жалғыз Шарын емес: Алматы облысында саяхаттауға арналған 4 ерекше орын
Бойыңда көшпенділердің қаны ойнап тұр, ал Шарын каньоны мен ҮАК сияқты жауыр болған орындар ынта тудырмайды ма? Мұндай жағдайда «Дала» саяхатшы Мағжан Сағымбаевпен бірге Алматы облысынан тіпті талғампаз жиһангерлердің де көңілін қалдырмайтын 4 балама орынды таңдады.
Төртеуміз туған жеріміздің ерекше сұлулығын зерттеуге шықтық, сондықтан таңдау MINI Countryman кроссоверіне түсті. Екі күн ішінде біз ең әдемі 4 жерді араладық: Бұғыты шатқалы, Тұзкөл көлі, Ай каньоны және Бартоғай су қоймасы. Жол бойы Мағжан Қазақстанды аралау кезінде жинақтаған оқиғалары мен лайфхактарымен бөлісті, біз оны «Дала» оқырмандары үшін арнайы жазып алдық.
Алматы қаласынан қашықтық: 150 км
Жол жүру уақыты: 2,5 - 3 сағат
Саяхатқа шығатын ең жақсы мезгіл: көктемнің соңы немесе күздің басы
Бұғыты таулары екі шағын массивке бөлінген – Бала Бұғыты және Үлкен Бұғыты. Екеуі де Іле аңғарында Шілік пен Шарын өзендерінің арасында орналасқан. Перм дәуірінің аяғында бұл құрғақ, жүріп өтуге қиын жер үлкен ояу жанартаумен өршіп тұрды, сондықтан жанартаудың бұрынғы жаңғырығы – ыстық бұлақтар мен 250 миллион жыл бұрын қатып қалған лаваның бөліктері сол жерде де, осы жерде де көрінеді. Динозаврлар пайда болғанға дейін.
Таулар барлық жағынан айқын, қатты бөлінген қырлармен шектелген, су ағындары көптеген шатқалдарды жарып өткен. Массив алуан түрлі тау жыныстарынан тұрады: құмтастар, тақтатас, кремний, әктас, конгломераттар, эффузивтер, граниттер, гранитоидтар. Таулардың солтүстік бөлігінде базальт, андезит-базальт және порфир лавалары бар.
Бұл тауларға көтерілу емес, одан түсу керек. Жолда көптеген жануарларды кездестіресіз: төрт қоян жолымызды кесіп өтті, ал ұяларынан қарап тұрған суырлар мен сарышұнақтарды санап шығу мүмкін болмады. Аяқтың астында кесірткелер жыбырлап, жоғарыдан аспанда қалықтаған бүркіттер байқалды. Қызыл кітапқа енген тау қойын немесе ешкісін көрудің сәті түспегені рас, бірақ оған көңіліміз түскен жоқ – қайта келеміз.
Бағдар: Құлжа жолымен Гүлдала (Қызыл алаң), Панфилово, Ават, Құлжа, Ақши, Еңбек, Бірлік, Балтабай және Маловодное ауылдарының жанынан 142 шақырымдық жол жүру керек – Шілікке жетпей оңға бұрылып, Шілік өзені арқылы көпірден өтіп кеткенше тура жүресіз. Көпірден кейін оңға бұрылып, жеті шақырымнан кейін қара жолға шығасыз, әрі қарай шағын каньонға қарай жүресіз. Каньоннан кейін жол кең алқапқа көтеріледі, оның бойымен бірнеше жолдардың қиылысына дейін шамамен 10 шақырым жүру керек. Алыстан көрінетін қызыл тауларға апаратын жолды таңдап, онымен тағы бес шақырым жүріңіз.
Саяхатшының 1-кеңесі: Көптеген адамдар әлі де үлкен басып шығарылған карталарды пайдаланады, бірақ ықшам смартфон әлдеқайда ыңғайлы болады. Сізге тек бағдарды алдын ала қадағалап, MapsMe және Google Maps сияқты қолданбаларды жүктеп алып, интернет қосылымынсыз пайдалануға болатын офлайн-карталарды жүктеу қажет. Мұндай карталарда саяхатшылардың белгілерімен бағдарлар бар.
Бұғыты ландшафты Марс планетасының сипаттамасына ұқсайды – алыстағы қызыл таулар, аяқ астындағы қоңыр борпылдақ жарылған топырақ және өсімдіктерден тек сары-жасыл бұталар мен аласа ағаштар.
Бұғытыға бір күн түнеуге барған дұрысырақ. Осылайша, сіз екі жотамен танысып, Instagram үшін көптеген керемет фотосуреттер түсіріп, қатып қалған лаваға қол тигізіп, жүгірген жануарларға үйреніп қаласыз. Бірақ суды артығымен алуды ұмытпаңыз (тек ішуге ғана емес) – бұл жерде су таба алмайсыз және сатып алатын жер де жоқ.
Біз сол күні Тұзкөл көліне жетуіміз керек болды, себебі біз сонда түнеуді жоспарладық, сондықтан біз қайтадан жолға шықтық. Алда бізді тағы 220 шақырым және 2,5 сағаттық жол күтіп тұрды, олар әдемі тау пейзаждарымен қоршалған.
Саяхатшының 2-кеңесі: Таулы аймақтарда күн әдеттегіден тез батады. Сағатқа қарап, қашан қараңғы түсетінін болжау қиын. Саяхатшылардың мұндай жағдайға қарапайым лайфхактары бар: қолыңызды батып бара жатқан күнге қарай созыңыз және жарық пен көкжиек сызығы арасына қанша саусақ сәйкес келетінін санаңыз – шамамен сонша сағаттан кейін қараңғы түседі.
Алматы қаласынан қашықтық: 310 км
Жол жүру уақыты: 5,5 сағат
Саяхатқа шығатын ең жақсы мезгіл: көктемнің ортасынан күздің басына дейін
Бір құпияны айтайын – Тұзкөл тұздылығы жағынан кейде Израильдің Өлі теңізімен бәсекеге түскенімен, оған ешкім суға түспейді. Мұнда адамдар, ең алдымен, Орталық Тянь-Шаньның негізгі шыңдары – Хан Тәңірі (7010 м) және Жеңіс (7439 м) шыңдарын көру үшін ең болмағанда алыстан, ең болмағанда бір көзімен көріп кетуге келеді. Алыптар көкжиекте бұлт мүлдем болмаған кезде ашық ауа райында ғана пайда болатыны рас. Біздің жолымыз болмады, шыңдар бұлттың артына жасырынып қалды, сол себепті қайтуға тура келді!
Тұзкөлге күн батқаннан кейін келдік, тез арада шатырларды тігіп, тамақ дайындау және жылыну үшін от жақтық. Тіпті жазда да түнде температура өте төмен, сондықтан термо ішкиімін, жылы шұлық және күрте алып келуді ұмытпаңыз. Масалар мен күннен қорғайтын кремдер де ала шыққан жөн.
Түнейтін орынды қараңғыда таңдағандықтан, батпаққа түсуден қорқып, жолға жақынырақ тоқтадық, сондықтан таңертең көлдің өте жақын тұрғанын көріп таңғалдық. Шынымды айтсам, Тұзкөлде айналаның әсемдігін тамашалаудан басқа шаруа жоқтың қасы. Оған шомылған пайдалы, бірақ өте ыңғайсыз – терідегі тұз бен кірді жуатын тұщы су қоймалары жақын жерде жоқ. Көл тек жерасты көздерімен қоректенеді, ең жақын тау өзені бес шақырым жерде орналасқан, сондықтан сіз сонда да жүзуге бел бусаңыз, тұзды жуу үшін жеткілікті су алыңыз.
Тұзкөл көлінің тұздылығы жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Көрсеткіштер бір литр су үшін 300 грамм болуы мүмкін – дәл Израильдегі Өлі теңіз немесе АҚШ-тағы Үлкен Тұзды көл сияқты.
Мұндағы жағымды жаңалық, Тұзкөл Қытай шекарасынан 30 шақырым жерде Райымбек ауданында орналасқан, ол табиғи ландшафттардың алуан түрлілігіне бай: Текес және Шалқодысу таулы өзендерінде балық аулауға, Қаратау және Кетмен тауларына өрмелеп, саңырауқұлақтар жинауға болады. Үлкен Кетмен асуы арқылы Шонжыдан әрі ыстық бұлақтарға апаратын жол бар.
Көлдің оңтүстік-шығыс жағында шағын ферма орналасқан, онда жақын маңдағы Кеген ауылының отбасы жылдың жылы айларында тұрады. Олардан қымыз алып ішуге немесе сатып алуға болады. Егер сіз олардың үйі орналасқан төбені айналып өтсеңіз, сіз көлдің ең жақсы панорамасына және фотосуреттер жасайтын ең сәтті орынға тап боласыз.
Саяхатшының 3-кеңесі: Саяхатта тек жеңіл тағамдарды, шикі жемістер мен көкөністерді жемеу үшін өзіңізбен бірге кемпинг жабдықтарының кейбірін алыңыз: мысалы, газ оттығы, шағын мангал, гриль торы немесе маринадталған ет немесе шұжық сақтауға болатын салқындатқыш сөмке. Сонда сіз толыққанды ыстық түскі немесе кешкі ас дайындай аласыз. Көбінесе бұл заттарды таныстардан алуға немесе қоймадан табуға болады.
Егер сіз Тұзкөлден хайкингке тауға баруды жоспарласаңыз, треккингтік бәтеңкені алдын ала дайындап қойыңыз. Біз бұл туралы толық нұсқаулықты дайындап қойғанбыз, сондықтан біз бұл мәселеге ұзақ уақыт тоқталмаймыз. Тұзкөл аймағында жәндіктер өте көп, сондықтан олармен байланыспайтын барлық амалды жасаңыз – шатырдағы жарықты сөндіруді ұмытпаңыз, аяқ киімді сыртта қалдырмаңыз және кіреберісті мықтап бекітіңіз. Сондай-ақ ішінде аллергияға қарсы препараттар, ыстық түсіретін құралдар мен антисептиктер бар алғашқы көмек жинағын ала шығыңыз. Сақтықта қорлық жоқ.
Бағдар: Құлжа бойымен ұзақ уақыт жүруге тура келеді – жол айырығына жеткенше 164 шақырым: солға – Қорғас, оңға – Нарынқол. Сіз оңға қарай жүресіз. Торайғыр асуына шығып, Шарын шатқалына түсу керек. 193-ші шақырымдағы Шарын өзені арқылы көпірден өтсеңіз, дұрыс бағытта келе жатырсыз.
Тағы 50 шақырым жүрсеңіз, Кеген ауылына жетесіз. Айтпақшы, шыға берісте жанармай құю бекеті болады. Көлге дейін Нарынқол жолымен тағы 68 шақырым жүресіз – сол жақтан тегіс қара жол шығады. Сонда бұрылып, тағы 30 шақырым жүресіз. Бірақ адасып қалмау үшін офлайн-карталарды жүктеп алған жөн.
Алматы қаласынан қашықтық: 203 км
Жол жүру уақыты: 3 сағат
Саяхатқа шығатын ең жақсы мезгіл: көктем, күз, қыс (жазда температура жайсыз)
Шын мәнінде Ай шатқалы немесе Ай аңғары – Шарын ұлттық паркінің бөлігі, бірақ одан түбегейлі ерекшеленеді. Шарын шатқалына жыл сайын мыңдаған адам келеді, ал Ай шатқалына санаулы ғана адам келеді.
Ең әдемі аймақты дұрыс зерттеуге үлгеру үшін кемінде бір түнге түнеуге мақсатты түрде баруды ұсынамыз: шатқалдың бүйір жағындағы лабиринттерді аралап, үлкен, сазды, сары киіз үйлерден тұратын үлкен «ауыл» көрінетін бақылау алаңдарына көтеріліп, алыстан Шарынды тамашалаңыз.
Бағдар: Тұзкөлге (Алматы – Нарынқол) баратын жолмен жүру керек. Нарынқолға жеткенде солға бұрылып, жақсы қара жолға шыққанша тас жолдың бойындағы көпірден тағы 4,5 шақырым жүру керек. Жолдың соңына дейін Сары шатқал бойымен тағы 5 шақырым жүресіз.
Ай шатқалы – кемпинг үшін тамаша орын. Түнде бұл жерде тыныш, ал егер аспанға қарасаңыз, төмен жұлдызды аспанның керемет көрінісі ашылады. Бір біріңізге шөміштер мен Орион белдеуін көрсетіп, бірнеше сағат бойы Құс жолын тамашалай аласыз, жақындарыңыздың құрметіне жұлдыздарға ат бересіз және таяқшаға зефир қыстырып қуыра аласыз.
Саяхатшының 4-кеңесі: Шатырды орнатпас бұрын аумақты мұқият тексеріңіз. Шұңқыры бар жұмсақ, борпылдақ бет жаңбыр кезінде барлық судың осында ағып келетінін білдіреді. Шатырды еңіске, ең дұрысы – өзенге жақын беткейге тіккен дұрыс болады, себебі су стратегиялық ресурс болып келеді. Сонымен бірге шатырды желден қорғайтын нәрсе болса, жақсы болады. Мысалы, тал немесе көлік. Сонда оны жел ұшырмайды, ал сіздер жылы ұйықтайсыздар.
Алматы қаласынан қашықтық: 175 км
Жол жүру уақыты: 2-2,5 сағат
Саяхатқа шығатын ең жақсы мезгіл: көктем, жаз, күз
Қайтар жолда Бартоғай су қоймасынан айналып өте алмадық – аптап ыстықта үлкен салқын өзеннен артық ештеңе қуанта алмас. Біз Шарын шатқалы жақтан келе жатқандықтан, Шілік өзеніне оралуға тура келді. Ал егер Алматыдан келе жатсаңыз, онда сізге Бұғытының бағытын ұстанып, Қызыл тауларға жетпей, солға бұрылу керек.
Су қоймасы 80-ші жылдары Үлкен Алматы арнасын сумен қамтамасыз ету үшін салынған. Бөгет әлі күнге дейін жартастардың артында жасырулы, оған фотоаппаратпен екінің бірін кіргізе бермейді. Су толғанда Бартоғай 13 шаршы шақырымға дейін созылады және жазда сізге судың құрамы соншалықты маңызды болмаса, оған шомылуға болады.
Су қоймасы жағасында түнемеген дұрыс, себебі бұл жерлерде жыландар көп. Ал егер бәрібір түнейтін болып шешсеңіз, онда жәндіктердің шағуына қарсы препараттарды алдын ала дайындағаныңыз жөн.
Саяхатшының 5-кеңесі: Егер сіз тау өзендерінде, су қоймаларында немесе жабайы көлдерде жүзуді ұнатсаңыз, сапарға өзіңізбен бірге резеңке шәркей, резеңке галош немесе крокстар ала барыңыз. Осылайша, сіз аяқтарыңызды жарақаттар мен кесіп кетуден қорғайсыз, мұндай жағдай көбінде жалаң аяқ су астындағы тастарды басқан кезде орын алады.
Осымен біздің саяхатымыз аяқталды, біз Алматыға шаршасақ та, бақытты және шабыттанған күйде қайттық. Әр демалыс сайын туған өлкемізде саяхаттауға шабыт алдық, біз мұны сізге де ұсынамыз.
Басқа жаңалықтар:
MINI 60 YEARS COLLECTION эксклюзивті сериясы.
60 жылдық мерейтойына орай MINI бренді эксклюзивті үлгіні ұсынады. Сыртқы және ішкі кеңістікті безендірудегі бірегей дизайн шешімдері тек түпнұсқалықты ғана емес, сонымен қатар аты аңызға айналған британдық марка автокөлігінің маневрлігін де көрсетуге арналған.